27.06.2022
103
НАЗЫ БӨЛЕК...
Адамдарда болғанмен айырма көп,
Мен айтатын əндерде –
Қайырма жоқ.
Жалғасып жатыр жібек жол секілді,
Биік таудан басталып,
Ауылға кеп.
Мен айтатын əнімнің жалғасы көп,
Толқи берер,
Өмірдің арнасы боп.
Сол əннің ырғағында жатқан жоқ па,
Басымыздан біз кешкен бар қасірет.
Тау-бөктерді аралап,
Сайларды өрлеп,
Қайнарындай бастаудың қайнай бермек.
Айта салған əн емес,
Желге кетер,
Болашаққа белгі боп,
Салмай ма өрнек.
Мен айтатын өлеңнің тасқыны мол,
Алыстағы ауылым,
Жас күнім – ол!
Үзіп кетер ме екен деп ойламаймын,
Мынау заман, жандарға қастығы мол.
Мен айтатын əнімнің сазы бөлек,
Жастығымның жалыны,
Назы, демек!
Қонарына көкейге күмəнім жоқ,
Жатпағанмен бағалап,
Қазірге елеп...