СҮТКЕНЖЕ
1-жыр
Уақыт күтпес,
Сарылып сен күткенмен,
Сақта тəңір,
Сарқылып ерте біткеннен.
Бұршағын салып мойнына қайран,
Ата-анам!
Мен екенмін сұрап алған сүткенжең.
Өмірде қанша түгемес арман,
Ізгі ой көп,
Өсірді ұлша,
Айтпады көзге қыз ғой деп:
Жарысып желмен,
Үстінде өстім жорғаның,
Себебін кештеу түсіндім оның
Іздей кеп.
Қыздарға ұқсап
Кимеппін көйлек құлпырма,
Өсірген екен жуытпай моншақ,
Жылтырға,
Жылусыз адам,
Жылтыры көп сөз жаман,
Баулыпты мені биязы мінез,
Шын сырға...
Жиырма жасқа жеткенше сырға тақпаппын,
Сырғасыз,
Тентек,
Жігітке қалай жақпақсың.
Қарағым деумен,
Қаққызбай бір де шаужайдан,
Мен үшін, əке,
Жүйрік пен
Жорға баптаттың.
Бəрі де сондай мейірімді болды-ау,
Əкелер,
Сол ерке балаң,
Не ұшпақ саған əперер.
Отыз жыл өтіп басына бардым анамның,
Жетпеді қолым,
Болған соң көзден таса жер...
2-жыр
Жұртта бар Ана,
Жұртта бар Əке менде жоқ,
Ата-ана мейірін көре алмай келдім,
Кенде боп.
Содан да болар,
Жасқамай келем баламды,
Ашуға басып,
Шапалақ ұрмай пенде боп.
Айтулы тентек,
Айтары жоқ, елде көп.
Жалынып барар,
Сұраншақ мінез менде жоқ,
Арманмен лаулап,
Аз ба еді жанған кеудеде от.
Сарылып ұшып,
Сағымды құшып,
Қиқулап,
Жүремін қонып,
Сағыныш атты көлге көп...
Көлі жоқ жерде аққулар сусап,
Шөлдемек,
Биіктеп ұшсам,
Қанатты жүрер жел демеп!
Анамның айтқан əлдиіндей
Ақ бесікте жатқанда,
Жырларым маған тыныштық бермей,
Тербеп өт!