АЛАСА ЕМЕС, ҚЫРАНДАР ҚҰЛАЙДЫ ӨРДЕН
Мейлі, мен қоңыз теріп,
Қой бағайын,
Мені де тек өзіңдей ойла,
Ағайын!
Өлеңді біреу жазбас еріккеннен,
Өлең менің тағдырым,
Ойнамайым!
Адам емес,
Дарынды құдай берген,
Дарын барда егіліп,
Жылай бермен.
Қанатын биіктерде қағып-қағып,
Аласа емес,
Қырандар!
Құлайды өрден.
Шырағым бар тұратын жанып таңға,
Демеу болар жырларым,
Зарыққанда.
Ұрығын өрде ғана шашу үшін,
Толқынға қарсы жүзер балықтар да...
Адам тұрғай,
Балықтың сертін қара,
Сол ерлікке куə ғой
Еркін дала!
Ата салтын олар да жалғайды екен,
Өз күйін,
Өз тағдырын шертіп жаңа.
Ерлік те жер бетінде қайталанбақ,
Ақын да сөзін елге айтар арнап.
Күңіренбей,
Күйремей жатсаң екен,
Ата-бабам шалқыған,
Шалқар аймақ!
Ата-бабам шалқыған,
Қыран – далам,
Сен үшін сан шайқасып,
Жыр арнағам,
Қыран тектес ұрпағың аман болса,
Жағдайың болмас енді бұдан жаман!.,
Күңіренген күйінде жатыр бабам,
Қайда екен деп кешегі,
Батыр балам.
Арашалар жерімді келді ыңғайым,
Орнамаса бұл басқа
Ақырзаман!..