27.06.2022
  179


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАРТТАРҒА ҚАРАП...

1-жыр
Сенім менен сертіне берік шеттен,
Біздей емес қиялға еріп кеткен.
Қайран біздің қарттар-ай!
Тау тұлғалы,
Ауылымды солар ғой көрікті еткен!
Əзілі де өзара жарасымды,
Жомарттығы шалқыған дала сынды.
Қайран асыл қарттар-ай!
Қыран тектес,
Бөлісетін бір жұтым қара суды.
Болмысынан танытып тектілігін,
Санаға ізгіліктің екті гүлін.
Қабырғама батады, қарттарым-ай,
Қатарларың сирексіп кетті бүгін.
Қақыратып қақ жарып көкті үнің,
Оранып ең соғыстың отты күнін.
Ерліктерің еліңнің есінде қап,
Ұрпағыңа аңыз боп жетті бүгін.
2-жыр
Арқа сүйеу асқар ғой,
Əке деген,
Бұл қазақ əкелерін мəпелеген.
Ақыл қосып ауыл мен аймағына,
Əкелер ауырлығын əкемеген.
Тағдыры болғанымен сондай өктем,
Ешкімге де салмағын салмай өткен.
Көнбістікпен өмірге өкпелемей,
Тіршілікке талпынып,
Талмай өпкен.
Бəйтерегін өсіріп саялаған,
Жан-жүрегін арманға жаяды адам.
Болғанымен қаталдау баласына,
Немереден мал-басын аямаған.
Қуат алып жанына қыр таңынан,
Жатқан кезде ауылда шырқалып əн,
Малы тұрғай,
Жанын да құрбандық қып,
Ешнəрсе аямаған ұрпағынан.
Сол қарттарға болар ма қызықпасқа,
(Жүргендер көп күдерін үзіп босқа).
Ұрпағын баулу үшін батылдыққа,
Дейді екен шу асауға құрық таста.
Жұбатпаса, кейітті дала кімді,
Күтіп тұр ғой сол дала жаңаруды.
Жаутаңдаған қарттарды көрген кезде,
Елестейді бір жетім бала мұңды...
Өмір солай салдыртып өте шығар,
Сая болмас жаныңа жеке шынар.
Құдіреттей табынып отырамын,
Адамдарға əке мен шешесі бар.
Шеше деген –
Шалқыған көл емес пе?
Көлді жерде айналар шөл елеске.
Қазақ деген қашан да басын иіп,
Анасын сыйлап өткен ел емес пе?
Əке деген – сүйеніш,
Тауың болар,
Таулы жерде асу бар, дауыл да бар.
Əкесі бар адамның қорғаны бар,
Жапырылып етекте жауы қалар.
Болмаса да соншама сыйлы адамым,
Жетім қартты көргенде қиналамын.
Қартайғанда қарттарды тентіретпей,
Қандай жақсы жас ұрпақ,
Сыйлағаның!
Қарақтарым, ешқашан кесірленбе,
Қол ұшын бер қарттарға,
Жесірлерге.
Қарт сыйласаң өзіңді елің сыйлар,
Шығарма сол сөзімді есіңнен де.
Кəрілікке мен дағы жетер болсам,
Бар тілегім, төбеңе көтер,
Қалқам!
Ана сүтін емес пе ақтағаның,
Бөбегіңдей аялап,
Қатар қойсаң!..





Пікір жазу