ҚАНАТЫН ЖЕТТІ КҮЙ ҚАҒЫП
Жүргенде күтіп, қиналып,
Қанатын жетті
Күй қағып.
Арылмай жүрген мұңнан бір,
Жанарың жанды нұрланып.
Жанарың жанды нұрланып,
Жасарды жаның
Бүр жарып.
Бақытты кезің,
Бауырым,
Жүзіңде балқып тұрды анық.
Жүзіңде балқып тұрды анық
Билейсің сен де ырғалып.
Осынау кештің сырларын,
Тағайын күміс сырға ғып,
Тағайын саған жүзік қып
Тəуекел,
Судан жүзіп шық.
Толқисың əрі қысылып,
Керек қой қызға тұнықтық.
Керек қой жанға нəзіктік,
Арманды жанға азық қып.
Самғадың білем биікке,
Бауырыңды жазып тік.
Болмасын құмар биге кім,
Құшақта ықтап биледің.
Осынау сəтті шақтарың,
Жетелеп жетті жыр легін,
Сен оны бірақ,
Білмедің.
Биледің ұзақ,
Биледің,
Басқаны көзге ілмедің.
Құшырлана жұттың сен,
Көп аңсаған қыр лебін.
Қақпасын жанның кім қақты?
Ширықты сезім,
Тіл қатты.
Алаулаған жүзіңе
Қызыға қарап күн батты...
Құлазып əрі жаурап жан,
Жүргенде жетті əн аулақтан.
Төбеден төніп түнгі аспан,
Есілді самал тау жақтан.
Жетеді бір үн қыр жақтан,
Күрмейді тілді
Сыр – қақпан.
Кеудеңде тұр ма күмбірлеп,
Бұрынғыдан бір басқа əн.
Сазды əуен, ырғақпен,
Билейді жұрт бір баппен.
Күйіне елтіп жүректің,
Сүйсіне қарап тұрмап па ең.
Толқында жүзген қайықтай,
Қарадым саған байыптай.
Барады көшіп мұнар – мұң,
Жүзіңде жүрген айықпай.
Көктемдей жарған бүршігін,
Ақтарды жаның сыр-шынын.
Қуаныш жасын жаныңның,
Жасырып қалды кірпігің.
Жапырақтай шайқалған,
Жан күйіңді байқар жан.
Сол кешіңнің сыр-сынын,
Жеткіздім деп айта алман.
Сезімнің бүркеп от-демін,
Белгілі ұзап кеткенің.
Баянды болып қалса екен,
Бақытың,
Қалқам,
Тек сенің.
Қанатты құстай қақтырып,
Кеудеңде түлеп жатты үміт.
Жаны жақсы жандарға,
Тілеймін, дəйім, сəттілік!