27.06.2022
  111


Автор: Марфуға Айтқожина

САҢЛАҚ САРА

Жалғасып жатыр жұртқа саңлақ үнің,
Үніңді тербетеді таң да бүгін.
Өлкеде өзің туған ақындар көп,
Ерекше демеу беріп жанға жырың!
Əсерлі таңғы ауадай
Мөлдір үнің,
Сазына балқытады елді бүгін.
Қарашы,
Саңлақ Сара!
Əулетіңе,
Еркелейтін сенің де келді күнің.
Заманның саған қойған шарты басқа,
Болар ма,
Жан күйіңе балқымасқа.
Мұздыбұлақ төріне мұң төгілтіп,
Жетпей-ақ өтіп едің
Жарты жасқа...
Қайтадан жақпаса да өшкенді ешкім,
Соңынан жетпесе де көшкен көштің,
Қалай да белгі болып сол заманға,
Ескерткіш тұр баурында
Ешкіөлместің.
Домбыралы осынау–
Аңыз бейне,
Серт бергендей даладан əн үзбеуге.
Өліге де керегі əділдік қой,
Бар болғаны ескерткіш,
Бақ іздей ме?!
Атақ үшін біреумен таласа ма,
Қайсысың бар,
Түсетін арашаға.
Сара сынды ақынға солай тұру,
Айтыңдаршы,
Бұл кезде жараса ма?!.
Ешкіөлместің Жұмаштай ақындары,
Сан айтысты қыздырып,
Лапылдады.
Өрен өсіп келеді жолың қуған,
Жүлде де бар,
Өзіңнің атыңдағы!
Баяғы сол қоңыр тау,
Қарасаң жай,
Шипалы су баурында –
Арасандай.
Кім біледі өзіңе ұқсап біз де,
Биік болып қала алсақ,
Аласармай!





Пікір жазу