ҚҰДАҒИ
1
Сен едің құдай қосқан құдағиым,
Болса да қандай тілек сұра бүгін.
Түсіріп отырған соң ару – келін,
Есіліп жібектей боп тұрады үнің.
Сен едің құдай қосқан құдағиым,
Мейлі, сен қуаныштан жыла бүгін.
Желпініп Көктөбенің самалымен,
Жаныңда Отырардың тұрады үйің.
Қасында мекенжайың Отырардың,
Отырар!
Жүрегінде –
Оты бардың.
Отырарға түсетін жолаушы көп,
Өз əлінше түсініп жатыр əркім.
Қүнделікті тыңдаумен қала күйін,
Күндер өтіп жатады ала құйын.
Бар болғаны Отырар,
Аты ғана,
Жоқтайды жұрт,
Ұлы əл-Фарабиін!
Неткен шалғай біздерден жыл арасы,
Бұлдырайды биіктен мұнарасы.
Сияқтанған бейне бір сағынышы,
Алматының сарғайып тұр ағашы.
Өткен болар Мысырда алаңдап күн,
Сағыныштан сақал-шаш,
Ағармақ шын.
Бұл ғаламның тапқанда тілін түгел,
Сағынышқа бір дауа таба алмапсың.
Беу,
Сағыныш!
Жаныңды баурады ма,
Сағыныштан жүрегің жаурады ма?
Сапырылған сағыныш сағымданып,
Көз алдыңда бұлдырап аунады ма?!.
Бар еркіңді сағыныш баурап алып,
Ерке арудай кеудеңде аунап анық –
Еш пендеге көрсетпей көз жасыңды,
Мұң шақтың ба,
Көлдерге,
Тауға барып...
Сан құбылған жүзіндей ақ алмастың,
Өтті ме екен Мысырда
Алаңдап күн...
Күллі ғылым,
Өнерді игерсең де,
Сағыныштың бір емін таба алмапсың.
Сағыныштан тұрады таулар жүдеп,
Сағыныштан от болып –
Лаулар жүрек.
Сағыныштан бұлқынар бұлақтар да,
Күшіне енер қайтадан талған білек.
Бір ойыңа бір ойың тиек болып,
Жүреді екен сазына жүрек толып.
Толған жүрек ол дағы
Орталанар,
Туған елің,
Туыстан ізет көріп.
2
Жетелесіп жүргенде Бөкеңменен,
Талай шыңға жетіпсің,
Жетем деген!
Жапырақтай жүрегім жүгіреді,
Аналық борышымды өтеуге ерен.
Көктөбенің самалы іргеде есіп,
Отырармен отырсың іргелесіп.
Сұлу сазын орансаң Отырардың,
Ескегімді мен келем жырмен есіп,
Қиялымда бұлттармен бірге көшіп...
Сағындырып кешегі бұла күнің,
Отырсың ба ойланып,
Құдағиым!
Өзіңді өзің тыңдайсың оңашада,
Күмбірлетіп кеудеңде бұлақ үнін.
Екі жылда түсіріп екі келін,
Қуанышқа,
Арманға жетіп едің.
«Теңін тапты» деген сөз тыныс болып,
Мен де өзімше сыр бермей,
Бекіп едім.
Бусам дағы белімді талай бекем,
Бала беру –
Анаға оңай ма екен.
Іш құлындап,
Қиналып отырсам да
Бірақ ілесіп соңынан қалай кетем...
Күйімді ұғып –
Кеш батып,
Таң атпаған,
Толғанып жүрмедің бе,
Қарап маған.
Жанботам мен Ертісім оралғанда,
Сияқтанып мен де бір қанатты адам,
Үзілген жырларымды сабақтағам...
Ақынмын ғой,
Билеген қызу сезім,
Жылу берді жаныма –
Түзу сөзің.
Болғанымен келінің,
Құдағиым,
Ол да бүгін сияқты қызың сенің!
Сездіргендей жапырақ күз келгенін,
Жүрегімді бір үнсіз мұң кернеді.
Қандай жақсы қазақтың қыз алғаны,
Қандай қиын,
Тəңір-ау,
Қыз бергені!
3
Сен едің құдай қосқан құдағиым,
Қандай тілек болса да сұра бүгін.
Көктөбенің самалы желпіндіріп,
Отырардың қасында тұрады үйің!
Отырардың түбінде тұрған үйің,
Шомылады құйылған нұрға бүгін.
Мөлдірім мен Нəзіктің үндеріндей,
Мейлі, сенің қосылсын
Жырға жырың!.
Көкірегіне ғаламат түйіп сырлы ой,
Отырардың күмбезі –
Биік тұр ғой!
Биік жерде көретін түс те биік,
Құдағиым,
Оны ішің біліп тұр ғой!
Сөзімді енді несіне қайталаймын,
Көңіліміз қосылса –
Шалқар – айдын,
Елім білер мендегі бар мен жоқты,
Өзімді өзім,
Мен бірақ,
Байқамаймын!..