27.06.2022
  162


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАЛҒЫЗ ЖАРТАС

Аласұрып кеткенде құйын – кеуде,
Өзге емес,
Өзіңді ұғу қиын кейде.
Бұл дағы табиғаттың заңдылығы,
Болмайды күйінбеуге,
Сүйінбеуге.
Сияқты мол сабырым,
Бəйтерегім,
Сол сабырым болмаса,
Қайтер едім.
Көлеңкеде мəңгі ықтап қалмау үшін,
Асқақтаған шыңдармен бой теңедім.
Сияқтанып көрінген асқан дана,
Сан қызыға қарадым, асқарға да.
Аласа боп көрінді ол да бір сəт,
Аласармай қалатын
Аспан ғана!
Пенделіктің бəрін де қоя тұрып,
Қарайықшы,
Шыңдардан ой асырып.
Ұзақ таңды атырдым кірпік ілмей,
Ойлардың шырмауына оратылып.
Ортақтасып сырыңа не бір нəзік,
Көбелектей айналам,
Өмір – қазық.
Өнеріңе еншілес өренің ем,
Арадайын жинаған сезімге азық.
Ащысын да тірліктің
Татқам шырын,
Лəззатын да сыйлаған мақпал түнің.
Жағадағы бір жартас сияқтанам,
Тұп-тұнық,
Толқын жуған ақ балтырын.
Шың-жартастың адамдай бар ма жаны,
Сол жартастың шашылды маржан əні.
Шағаласын ұшырып,
Шарықтатып,
Шолып тұр ол биіктен бар жағаны!





Пікір жазу