МӨЛДІРМЕН МҰҢДАСҚАНДА
Мөлдірім!
Аяғыңды қаз басасың,
Осы екен ғой күш-қуат маздататын.
Бəрін де ұмыттырар тəттілігің,
Қасіреттен ағарған аз ба шашым.
Теңдесі жоқ бойға бір тарап сезім,
Отырамыз жүзіңе қарап сенің.
Былдырлаған тіліңнен жүрегіме,
Жалғанып жатқан сынды қанат менің.
Балалықтың бастап сен отты күнін,
Көз ұйқыға кеткенше жоқ тынымың.
Қоңыраулап жеткенде құлын үнің,
Жаралы жүрегімнің жапты мұңын.
Қақтырғанша мен сенің қанатыңды,
Сан кезермін ұйқысыз қара түнді.
Өзіңе табыстасам жарар еді,
Атадан қалған ару,
Ана тілді!
Жаныңа дарыр, бəлкім,
Сенің де өнер,
Бір жүгім сонда ғана жеңілденер.
Айығып қара бұлттар аспанымнан,
Күңгірт тартқан дүние,
Көңілденер.
Соны тілмен сомдалған тыныстағы үн,
Мен дəйім ана тілді пір ұстадым.
Есіңе сақта, балам,
Жолында оның,
Садақа ғой атақ пен күміс тағың!