27.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

АБЫЛАЙ АЛАҢЫ

Тұнып тұр сұлулыққа дала мұнда,
Тебіренбей мұндай сəтте қаламын ба?
Қаланың тірлігінен қажыған жұрт,
Серуендейді Абылай алаңында.
Серуендейді Абылай алаңында,
Бұлты жоқ аспанның да қабағында.
Оқжетпес көкті мезгеп тік шаншылса,
Күміс көл,
Толқындайды табанында.
Кімдер лəззат алмаған Күміскөлден,
Күміскөл!
Сал-серіге тыныс берген.
Дір еткен шақтарың да болған шығар,
Суырылған кезінде қылыш белден...
Сабаңа сыймай талай шайқалдың ба,
Тұныққа көп үңілсем байқармын да.
Абылай аруағын күңіренткен,
Көкшеден мұң арқалап қайтармын ба.
Үзіліп əлде қайдан күбір жеткен,
Тұлпардың тұяғы ма,
Дүбірлеткен.
Жататын əнге балқып Күміскөл-ай!
Тұнығындай тым терең, сырың неткен.
Көңілім Күміс көлсіз айықсын ба,
Толқын қанат болғандай қайықсызға.
Тұнығын күміс көлдің құша түсіп,
Қанатын шығады күн жайып шыңға.
Тұрғанда мүлгіп қана шырша, қайың,
Тілейсің ғой деп солай тұрса дəйім.
Сол сұлулық қалса ғой сынын бұзбай,
Серінің күмбірлетіп жыр – сарайын.
Ғұмырдың бастан кешкен бір талайын,
Жел желпіп Оқжетпестің тұр самайын.
Оқжетпес өрлігіне не жетеді,
Мен оны сұлулыққа пір санаймын.
Сыр жатыр тұмшалаған даламда көп,
Қиналамын, қана алмай қалам ба деп...
Күн шыға
Күміскөлмен күбірлесіп,
Күн бата
Тыныстаймын Алаңға кеп.
Ой-санам айыққандай қас-қағымда,
Сан қиялдар келеді басқа мұнда.
Абылай!
Аруақтанып,
Құдіреттеніп,
Отырғандай үндемей, тас тағында...
Сырласам емін-еркін, тосылмаймын,
Басымнан өтті талай осындай күн.
Оңашада күй кешкен бұл қалпыма,
Толқындары есіліп,
Қосылды айдын.
Бəлкім, іштей жебеп те жүрсіз мені,
Жиілейді жүректің дүрсілдеуі.
Əлде кімнің күлкісін көміп кетті,
Кенеттен Күміскөлдің күрсінгені...





Пікір жазу