27.06.2022
  185


Автор: Марфуға Айтқожина

ДАУЫЛ ШЫҒЫП...

Қабдешке
Өзіңе сеніп едім бауырсынып,
Жүгіңді келесің бе ауырсынып?
Днепр толқынындай бұйра шашың,
Кенеттен дудырады,
Дауыл шығып.
Күздің жөні бөлек қой,
Жазың – шырын,
Сыбырлайды толқындар əзіл-шыны.
Ширығады толқындар атырылып,
Шынын біліп алсам деп жазушының.
Балдызындай сыр мінез жете білген,
Дауыл ойнап тартады етегінен.
Жағасында теңіздің тебіреніп,
Бара жаттың биіктеп кешегіден.
Теңіз салты, білмейді тек тұруды,
Түсі салқын,
Ойнақы кешқұрымғы.
Асау толқын оралса етегіңе,
Танығаны болар-ау кескініңді.
Жан күйіңді ұқты ма,
Ұқпады ма,
Алдыңнан толқын жүгіре шықпады ма,
Өзіңді əлде сонша ұқсатты ма,
Қазақтың кəдімгі жас Мұхтарына!..
Теңіз жаны жатсын ба тасқындамай,
Дауылдың да өрекпіп,
Асқынғаны-ай!
Жүретұғын көшіңді ер қондырып,
Сенің дағы өмірің тасқынға бай.
Көкейіңе құйылып аспан əні,
Қашан саған сол көшті бастағалы.
Ардың жүгін арқалау оңай емес,
Теңіз де ондай жаннан жасқанады.
Ойларыңды соншама толғап терең,
Қарайсың сен қиырға салмақпенен.
Қарт Днепр жатқандай қайрат беріп,
Жырларымды мен де үзбей,
Жалғап келем.
Теңіз тынбай ұшырды шағаласын,
Дегені ме думаны тарамасын.
Көшің сенің қашанда көлікті боп,
Еңбегіңді бар елің бағаласын!
Ой – теңіздің үстінде қалқып жүрген,
Өзің де бір өмірлік шағаласың!





Пікір жазу