БЕЛГІСІЗ СОЛДАТ
Маздаған ұшқынындай жыр отының,
Көкейде талай ойлар жүретұғын.
Жеткізіп Жас қазақтың аманатын,
Арманмен арындайды Днепрің.
Көрсем деп Днепрді жүретін ем,
Жүретін ем жалындап жыр отымен.
Отан үшін уралап батыр қазақ,
Жүзіп бара жатқандай Днепрден.
Айтшы маған,
Толқындар,
Жүз өтінем,
Бір сағыныш жүректен үзетін ем.
Ескерткішке айналып тұрған мынау,
Солдат па оралмаған күзетінен?!
Жасыл қаптал қазақтың қырларындай,
Көк Днепр,
Сенің де сырларың бай.
Кешегі жалындаған, шіркін, жастық,
Бұл күнде ескерткіш боп тұрғаныңды-ай!
Қарауға адам тікелей жасқанады,
Бəукеңе де ұқсаған қас-қабағы.
Болғанымен ескерткіш,
Есті алатын,
Өзіңсің бе даланың жас қазағы?
Қайран қалып қараймын айбыныңа,
Қайрат беріп сен тұрсың қайғылыға.
Күн айналып өзіңді батар болса,
Кештер бойы бөлейді ай нұрына.
Сезе ме əлде,
Сезбей ме жаның сенің,
Өшпек емес бойдағы жалын-сезім.
Кім де болсаң ұлысың байтақ елдің,
Тұрған ұстап өрлікпен барынша өзін!
Көзіме оттай басылып дара тұлға,
Тұрсың жалғыз көк орман арасында,
Белгісіз деп, мейлі, сен атансаң да,
Жаралыпсың мəңгі өмір таратуға.
Ерлік атын қашанда мəңгілік дер,
Бəріміз де пендеміз,
Ойлы, үміткер...
Днепрдің жарысып жағасында,
Құйындатып барады сайгүліктер!
Барар жері оның да алыс білем,
Арғымақтар жалымен жарысты жел.
Арасынан орманның үнсіз қарап,
Тұрған сынды тіл қатып,
Таныс кілең...
Толқын құмдар секілді сырғып кешкен,
Өзімізше боламыз тірлік кешкен.
Кейде ескерткіш құрлы да құнымыз жоқ,
Ұрпағымыз өмірін жыр ғып кеткен!..
Үндемей тұрып іштен дауыстайсың,
Білесің тағдырыңды қауышпайтын.
Ерліктің шежіресін шертесің сен,
Ғасырлар
Айтып оны тауыспайтын!
Қарайды жағалаудан асыл тұлға,
Ерлігін нағыз батыр,
Жасырсын ба?!
Жоқтаған азаматын ару сынды,
Аққайың иіп тұр ғой басын суға.
Өткенде Днепрдің толқынынан,
Жүрегім тайдай тулап, толқыды жан.
Үнсіз қалқып,
Жас қазақ,
Үнсіз батып,
Демегендей болады қолтығымнан...