26.06.2022
  140


Автор: Сергей Есенин

Мынау көше таныс маған...

Мынау көше таныс маған,
Мынау тапал үй-жайым.
Бүркеп кеткен қамыс-салам
Терезелер маңдайын.
Өтті құйын жылдар ауыр
Тартып аза күйлерін.
Еске түсті қайран ауыл,
Қайран сəби күндерім.
Атақ аңсап қаңғыман көп,
Атақ іздер бар ма күй!
Көзім жұмсам – алдыма кеп
Тұрады ылғи туған үй.
Көрем – əне көк жасыл бақ,
Арша албар ішінде.


Салады асыр құстар шулап
Үйеңкілер үстінде.
Сүйем осы үйімді ағаш,
Бөренесін кірлеген.
Жаңбырлы түн, үнмен оғаш
Пеш өңеші гулеген.
Бірде зарлап, еңкілдеген
Жоқтағандай өлікті.
Кірпіш түйе секілденген
Осынау пеш нені ұқты!
Көре ме əлде түйе болып
Түсінде алыс елдерін.
Ауғанстан кешіп жорық,
Бұхар тартып келгенін!
Шіркін, алыс сол елдерге
Түсті маған жол бір шақ.
Аттың басын туған жерге
Енді бұрар болды шақ.
Бірақ ерке өтті уағым,
Қайтып сəби болмас күй.
Қош, даланың көк құрағы,
Қош, туған үй – ағаш үй!





Пікір жазу