22.06.2022
  239


Автор: Сағи Жиенбаев

Мен де бүгін жанып-жанып басылдым...

Мен де бүгін жанып-жанып басылдым,
Басылдым да,
ағыл- тегіл шашылдым.
Өз отыма өзім күйе жаздап ем,
Менен ыстық біреулерге бас ұрдым.
Кетпей жүрген шөл бар екен денемде,
Шоқты үрлеген жел бар екен төбемде.
Көтерілген бұлтты қағып жұтсам да,
Көн боп қалған көкірегім елер ме?!
Елемеді,
сүзді көзін тұра қап,
Ұшқан бұлтқа,
түскен шыққа сығалап...
Ақ дариям ақты қазір күндіз-түн,
Алпыс екі тамырымды қуалап.
Елім келсе,
еміренбейтін мен бе екем,
Мен де қазір
ақтарылып селдетем.
Аспанымды
ақ самалмен оятып,
Жас талдардың
жапырағын тербетем.
Көкірегімді қақ жарып бір өтті ағын,
Мен білмеймін қайда барып тоқтарын...
Түрікпендердің көздеріне көшті енді,
Менің мәңгі жарқыраған оттарым!





Пікір жазу