22.06.2022
  119


Автор: Сағи Жиенбаев

Сыр ғой бір

Құралай көзді сұлумен,
Қоштасып, ақ таң атқанда,
Бозбала күннің буымен,
алшаңдап келе жатқанда,
Өнбойыңды өртеп жалындай,
Асау бір желік қысқанда,
Аспан мен жерді айырмай
Ақбоз атпен ұшқанда.
Күрмелеп, белді шарт буып,
Айсыз бір тұнық түндерде,
Найзаны көкке лақтырып,
Найзамен шаншып жүргенде,
Шалғынды қиған шалғыдай,
жалынға сүңгіп денеммен,
Қайратым қажып, дәл бұлай,
қартаям деген жоқ ем мен.
Қөңілім бұлттан әрі асып,
Ойлаған жоқ ем, батырым,
Бесік пен көрдің арасы
Есік пен төрдей жақынын...





Пікір жазу