22.06.2022
  279


Автор: Сағи Жиенбаев

Суретші болсам егер де...

Суретші болсам егер де...
Оқжетпес шыңын салар ем,
Себездеп сәуле белеңде,
Оянған шақта бар әлем.
Ұмсынтып белес-белдерді,
Бурабайды әкеп қасына,
Салар ем сенің бейнеңді,
Оқжетпес құздың басына.
Әнші құс тынбай сайраған,
Көмкеріп жасыл баулармен.
Қоршар ем сосын айнала,
Ақша бұлт жүзген таулармен.
Тартатын көздің ұшынан,
Қалар ем мәрмәр тастарды.
Ал сенің арғы тұсыңа,
Салар ем мөлдір аспанды.
Құлардай соған шалқалап,
Айналып аппақ мүсінге,
Тұрар ең айды қалқалап,
Ақ жұлдыздардың ішінде.
Аспанды солай жаңғыртып,
Бір жұлдызбенен толтырсам,
Оқжетпес тұрса албыртып,
Басында балқып сен тұрсаң...
Жарасар еді-ау,
дәл солай,
Екеуің тұрсаң сол жерде,
Сұлулық, сымбат аңсаған
Есінен танып көргенде.
Табынтып,
елді таңғылып
Құмардан мен бір шығар ем,
Осылай,
сен де мәңгілік
Оқжетпес құсап тұрар ең...





Пікір жазу