Басында жүрдің ұзақ Бурабайдың...
Басында жүрдің ұзақ Бурабайдың,
Серпіліп,
сәулесімен туған айдың,
Тартты ма бірте-бірте құшағына
Жұмбақ тас,
Жұмбақ өмір,
Жұмбақ айдын...
Сол күні көпке дейін көз жұмбадың,
Көл жайлы,
Көкше жайлы сөз қылмадың.
Түніменен...
Сен де айналып сондай күйге,
Балбырап жатқаныңды сездім,
жаным.
Маужырап,
қалғып кеттің таң алдында
Шомылып себездеген алау нұрға...
Күзетіп сенің тәтті бір сәтіңді
Отырдым үнсіз ғана қарадым да.
Жүзіме армансыз бір үңілші деп,
Жаттың да сәл жымиып,
күлімсіреп.
Көріп ап дүниенің бар қызығын,
Алаңсыз ұйықтағандай бірінші рет.
Қанатын жая берген ұшарыңда
Аққудай періштеге ұсадың да,
Жаттың сен жаның сергіп,
бойың балқып,
Кіршіксіз аппақ өмір құшағыңда.
Көрінді мөлдір аспан
мөлдір далам,
Көкшеден төмен қарай жол зулаған.
Бір кезде...
ұйықтап жатып,
әлсіз ғана
Шытқандай қабағыңды... болдың маған.
Маған ба?
Әлде тіпті басқаға ма,
Ұқсадың ренжіген жас балаға.
Көлбеңдеп,
көлеңкелер түсіңе еніп,
Көңілің әлденеден жасқана ма?!
Көз жазбай күнде сенен,
дүлейленіп,
Сыртыңнан өзімсініп, иемденіп,
Қараңдап қалың орман арасынан
Бұзды ма тынышыңды біреу келіп.
Жас елік үйірінен жырақтанып,
Тұрған-ды шың басына бір-ақ барып,
Әлде сол құзға қарай қарғимын деп,
Қалды ма омақаса құлап барып.
Ұмытшы...
Ойламашы бұның бәрін,
Дүниеде кірбің барын
мұңның барын,
Онсыз да жетеді ғой реніштер,
Шытпашы қабағыңды бүгін, жаным.
Көрерміз сауықты да,
күлкіні де,
Қайтадан оралмассың бұл түніңе.
Ұйықташы...
сені оятып алам ба деп,
Уыз таң тұнып қалсын кірпігіңе...