22.06.2022
  213


Автор: Сағи Жиенбаев

АРЛАН

Жорықтарға шығушы еді топтанып,
Жасыл көздер,
қызыл көздер шоқтанып,
Дүрліктіріп алыс-жақын ауылды,
Жарып кетіп,
жұлып қалып, жеп қалып.
Көп болатын,
тоқ болатын барлығы,
Жылы-жұмсақ тап болатын әр күні.
Ортасында Арланы бар айбынды,
Білмеуші еді қорқыныш пен қайғыңды.
Бәрі соның,
бәрі соның арқасы,
Таныс оған бұл өңірдің тау-тасы.
Ол жүргенде,
осылардың аузында,
Бұл өңірдің құлыны мен марқасы.
Бұрқыраған боранды күн туатын,
Онда тіпті жалғыз өзі шығатын...
Алдарына сілкіп тастап жас етті,
Өзі жемей, белге шығып тұратын.
Ту сыртынан таудай еді өзі де,
Қайрат тасып, толықсыған кезі ме?!
Құдіреттей көрінетін ол нағыз
Кілең күйтшіл қаншықтардың көзіне.
Көктем шыға –
бір-бірінен қызғанып,
Бір-біріне қырын қарап, сызданып,
Қипалақтап сүйкенетін Арланға,
Әлдеқалай кете ме деп түзге алып.
Бұрын көрген
егделері ентелеп,
Бүйірін түртіп, аяғын сап еркелеп,
Қыңсылайтын,
асылатын мойнына,
Құмарына жеткісі кеп ертерек.
Енді бірі –
белгісіз бір күш демеп,
Жас болса да, жасқанбай-ақ иіскелеп,
Ойнақтайтын алды-артына бір шығып,
Бауырын жалап,
балтырынан тістелеп...
Қан қызынып,
жан жылынып дәніккен,
Қорықпайтын сырттан келер қауіптен.
Бәрі түлеп,
құтырынып, құлпырып,
Өтті күндер қимас қызық, сауықпен.
Жер бетінде алғашқы қар жауғанда,
Кезекті бір жортуылға барғанда,
Аңшылардың ортасына түсті де,
Абайсызда оқ тиді кеп Арланға.
Күңіреніп
кетті дала жаңғырып,
Сол далада салып еді сан бүлік.
Енді, міне,
әзер қашып құтылды,
Қардың үстін қызыл-ала қан қылып.
Бойы мұздап, шыңылдады құлағы,
Өтті бәрі,
жетті әйтеуір шыдамы.
Талай жылдар паналаған мекені
– Қара үңгірдің аузына кеп құлады.
Қаншықтары келді қуып қан–ізді,
Бір бәлеге белді буған тәрізді.
Қас қаққанша,
арс етті де біреуі,
Жарасына салды келіп ауызды.
Қалғандары қарғып түсіп қабақтан,
Сыбағасын жібергендей жаратқан,
Салды келіп мұздай қара тұмсығын
Бірі шаптан,
бірі қолтық,
тамақтан.
Мізбақпастан жатты көкжал сұрланып,
От-жанары бір көгеріп,
бір жанып.
Дыбысын да шығармады бұ кезде,
Тек көзінен суық тамшы тұрды ағып.
Қар ұшқындап,
қабақ түйіп тұрды алап,
Жұрт көрмеген жауыздығын мұндалап.
Жағын ашпай, жанталасып жатты Арлан
Ақырғы рет қаншықтарға бір қарап...





Пікір жазу