22.06.2022
  131


Автор: Сағи Жиенбаев

БАЛАҚАН

Ол –бізбенен көрші аулада тұратын,
Ешкім жоқ-ты оған қарсы шығатын.
Балалардың бәрі содан жасқанып,
Мысы құрап,
іштей ғана тынатын.
Бүкіл бала соны ғана білетін,
Барлық жерде сол басқарып жүретін.
Жар басынан лақтырғанда тастары,
Судың бетін айқыш-ұйқыш тілетін.
Қарамайтын кейде жауын-шашынға,
Жүретін ол жалғыз
тоған басында.
Жайлы жерді өзі ғана жайлайтын,
Өзгелерге орын жоқ-ты қасында.
Қалың нөкер қаптап–еріп шығатын,
Адмиралдай алдында өзі тұратын.
Қыз-балдарды бұрымынан сүйрелеп,
Ұл-балдарды үйге қуып тығатын.
Бүгін тағы жиып алып бар қолын,
Торып жүрген бақ ішінің әр жолын,
Бейтаныс қыз өтіп бара жатқанын,
Анадайдан көзі шалып қалды оның.
Шарбақтан-ақ өтетін жер көп еді,
Сыймады ішке тағы да бір өнері, –
Тал басынан
тарғыл мысық секілді
Қарғып түсіп, қыздың алдын бөгеді.
Тұрды алдында балауса қыз мөлдіреп,
Ақ көйлегі желге жаймен желбіреп.
Сөмкесі бар, сиясы бар қолында...
Балалар тұр,
қызық болады енді деп.
Біледі олар қолбасшының мінезін,
Келді, міне, көрсететін жер өзін.
– Әне жерде бір бала жүр... – деді қыз,–
Үйге дейін шығарып сал мені өзің...
Түк айта алмай сасып қалды батырың,
Көргені алғаш қыздың мұндай батылын.
Қайратынан, айбарынан айырылып,
Қызға ілесіп, жүре берді ақырын.
Тастайтындай шарбақты да аударып,
Қызып тұрған ұлы айқасқа қамданып,
Адмиралдың жалаңаяқ қулары
Батырына тұрды қарап таңғалып.
...Байқамай қалды күннің батқанын,
Тұрды қарап, таянып ап жақтарын.
Білмеді олар
командирдің біржола
Балалықтан кетіп бара жатқанын.





Пікір жазу