22.06.2022
  166


Автор: Сағи Жиенбаев

Қарлығашым, қарашығым алғашқы...

Қарлығашым, қарашығым алғашқы,
Менің құйттай жанашырым алғашқы,
Көкірегімнен өсіп шыққан өзімнің,
Дүниедегі дара шыңым алғашқы.
Кеудемдегі балғын гүлім едің сен...
Алғаш көрген таң бұлбұлым едің сен...
Менің ыстық құшағымда еркелеп,
Мәңгі бақи жүретіндей көруші ем.
«Қарлығашың ұшқалы жүр» дегенде,
Бір найзағай атып өтті денемде...
Ақша бұлттай үлбіреген аппағым,
Ақша бұлттың ар жағынан көрем бе?!
...Ұзақ болғай ақ сапарың басталған!
Жоқ қой менде басқа тілек, басқа арман.
Мен жүрермін тіршілікте көз жазбай
Қарлығашым ұшып жүрген аспаннан!





Пікір жазу