СЫРЛАСУ
І
Жаз күйін шертіп бұлбұл құс,
Жас гүлдер бүршік жарғанда,
Мен болып құйттай бір жұлдыз
Төбемнен туа қалғанда.
Алдымен келіп бар елдің,
Алғашқы сүйген сен мені–
Мен көрер жарық әлемнің
Басы боп мынау жердегі.
Бір уыс ғана бал дене,
Бауырыңа жатты домалап.
Өзіңнің аппақ сәулеңе,
Көтердің мені орап ап.
Білмедің шаршау дегенді,
Тербедің сипап күнімен...
Сыладың алғаш денемді,
Алқызыл таңның нұрымен.
Ілесіп түнде самалмен
Сан рет келдің есікке.
Бір тұрып туған анаммен,
Бөледің бірге бесікке...
Ертіп ап балғын кезімнен,
Әкеттің қырға жетектеп.
Жарысып алғаш өзіңмен,
Жинадым гүлді етектеп.
Көлдердің құсын жырлатып,
Көрсеттің тауды, тасты да.
Бұлтардың даусын тыңдатып,
Ұстадың нөсер астына.
Бейтаныс маған үндердің
Сіңірдің бәрін құлаққа.
Не көрсең өзің, бір көріп,
Аунадым бірге құраққа.
Бал күндер бастан көшкенде,
Белді де будық бекем біз,
Қасірет желі ескенде,
Қайғырдық бірге екеуміз.
Жаманат сөзден безгендей
Жұлдызы сиреп аспанның;
Көрдім мен сол бір кездерде,
Көзіңде мөлдір жас барын.
Сонда сен жасыл баурайда
Жасаурап тұрып гүл аттың.
Сипадың ұзақ маңдайдан,
Келді де мені жұбатқың!..
ІІ
Есіңде бар ма, Май, сенің,
Сонау бір соғыс біткен күн.
Кеудемде жинап тау селін,
Сол күнді мен де күткенмін.
Жеңісті бізбен бір күтті,
Жетімдік көрген жер тәні.
Мен көрер балғын тірліктің,
Басы боп келдің сен тағы.
Ана мен балаға ұсап тап,
Екеуміз қырға ұштық-ау.
Сен мені сонда құшақтап,
Мен сені сүйіп құштым-ау.
Беткейде балғын жүзбенен
Жүгірді-ау жүйткіп жел бөбек.
Айналып басы бізбенен,
Билейді-ау, дала дөңгелеп.
Өзіме бұрын бітпеген
Бір сезім тулап қанымда,
Жөнелдім мен де жұртпенен
Желбіреп тайдың жалында.
Толтырып көзге нұрыңды,
Бір тамшы жасты үзіп қап,
Тұрдың сен қырда ұлыңның
Түскенін топқа қызықтап...
Содан соң талай күз де өтті,
Сен менен көзді жазбайсың.
Жылда бір мені іздеп кеп,
Жанымда шоқтай маздайсың.
Сәулеңе талай орандым,
Арылып күңгірт күдіктен.
Өмірге ғашық боп алдым,
Өзіңді күткен үмітпен.
Қарсы алып қырдан нұрыңды,
Алдыңнан шығып сырласам.
Сен ашқан кезде гүліңді,
Гүлімді мен де бірге ашам.
Бауырына басар келгенді,
Балауса сен бір кең құшақ –
Сен құсап жайып кеудемді,
Жүгірем жұртқа сен құсап.
Жасқантып жүрер лебімен,
Жасанды бұлт жоқ көңілімде.
Өзімсіп кетем көбірек,
Өзіме тартсам деймін де.
Білесің бастан сен мені
Тартпадым ба әлде тарттым ба?
Көтеріп қуыс кеудені,
Пенденің күйін тарттым ба?!
Жыл сайын өзің келгенде
Қайта өсіп тұрар гүл емен.
Мен мынау – Ұлы жерде де
Мәңгілік жастық тілемен.
Жүрегім шалқып сар белде,
Жүзіндей алмас қылыштың,
Мен – сенің аппақ сәулеңнен,
Шашырап түскен бір ұшқын!