22.06.2022
  207


Автор: Сағи Жиенбаев

ЦЫҒАННЫҢ БЕСІК ЖЫРЫ

Бұлт секілді жел күнгі,
Біз баспаған тау бар ма?!
Сенің жүдеу көңіліңді,
Мұңлы әуенім аулар ма?
«Әлди әлди...» дегенмен,
Айтар әнім жоқ бүгін.
Қол тимеді өлеңге,
Қол жаюмен өтті күн.
Сені арқалап азанмен,
Мен кетемін ел қаңғып,
Құжынаған базар мен
Жұрт жиылған жерді аңдып.
Қай жерге анаң бармады,
Қай жерді анаң кезбеді.
Өмір бізді алдады,
Біз де алдадық өзгені.
Қазір анаң жаны кір,
Көңіл күңгірт, ой жарым.
Байымайсың бәрібір,
Бал ашпай-ақ қой, жаным.
Бір сен үшін жүгірем,
Жолда өткізем әр таңды.
Тепкілейсің күнімен,
Тесемісің арқамды.
Көлік те жоқ,
көше алмай,
Күнім босқа өтті деп,
Қара жерді тесе алмай,
Әкең де жүр тепкілеп.
Қойыпты оған би беріп,
Қызық қой бұл құдай да.
Аяғына кигенін,
Жеткізбейді бір айға.
Содан тапқан олжаның,
Бәрін жиып бер соған.
Билемей-ақ қой, жаным,
Нан болмайды би саған,
Тоңдырды ма жел есіп,
Ызғар шашып тұр өңір...
Құтқармасаң, сен өсіп,
Қажытты ғой қу өмір.
Екеумізге қосылып,
Әне көкте қалғыды-ай.
Әкең жатыр кешігіп...
Әлди, әлди, әлди-ай.





Пікір жазу