22.06.2022
  129


Автор: Сағи Жиенбаев

Мен еліммен бірге өттім бар асудан...

Мен еліммен бірге өттім бар асудан,
Қақ айырылып жол тарттым қара шыңнан.
Бұлт жайлаған тауларды сілкіндіріп,
Бұғауладым теңізді аласұрған.
Таптатпадым өзен, көл,
тауды жатқа,
Қанды кекпен суарып,
жандым отқа,
Әлия боп,
Мәншүк боп,
Төлеген боп,
Туған Отан, сен үшін бардым оққа,
Саясында жатқам жоқ гүл бақтардың,
Сар даланы оятып, тыңға аттандым.
Топырағын аялап туған жердің,
Желмен бірге жапанда түн қатқаным.
Теңіз болып тербеледі дала-бесік.
Кеудесінде күй шалқып, самал есіп.
Менің байтақ өлкемде,
алтын дәннен
Алтын таулар биіктеп барады өсіп.
Сүйікті Отан,
өзіңсің мақтанышым,
Сондықтан да шығады шат дауысым.
Мен жанымды аяман қай кезде де,
Саған деген парызды ақтау үшін.
Сенсің, Отан!
Шұғылам, ақыл-нұрым,
Сенің арқаң өр мінез, батылдығым.
Ақ жұлдыздар самғатып менің далам,
Аспанмен жалғасып жатыр бүгін.
Сенсің, Отан!
Бағым да, ырысым да,
Бірге өзіңмен аттандым ұлы шыңға.
Шыққан күнді аспанға тік көтеріп,
Қазақстан тұрады шығысыңда!





Пікір жазу