22.06.2022
128
Көктемгі көкшіл жазық...
Көктемгі көкшіл жазық,
Қиыр дала...
Құйғыттық қырға
қарай дүйім бала.
Аспанда үрей де жоқ,
дүлей де жоқ,
Дүниені
Көргендейміз бүгін ғана.
Үстінде арулардың көне көйлек,
Күн жеген,
Жел мүжіген,
дене кернеп.
Қарайды көкжиекке,
иығының
Жыртығын
Саусағымен көлегейлеп.
Қарайды көзін сүзіп,
Күлімсіреп,
Үйіріліп,
бір-біріне иін сүйеп.
Түйілген төрт жыл бойы қара бұрым
Ақырын аунап түсті
бірінші рет.
Қайысып қиыр дала,
Қақырап бел,
Қалың ел бірге
толқып атыраппен,
Талдар да
Талай жылғы бойындағы
Тыртығын жауып алды жапырақпен.
Жер,
Адам
Мұңын шағып бір-біріне,
Армансыз
алғаш рет күлді, міне.
Бәріміз сағындық қой осы күнді,
Еңсеңді көтерші енді,
Гүл-дүние...