Қапсағай бойлы...
Қапсағай бойлы,
Кең кеуде.
Қалмаған әлі сөзінен.
Тоқсанға таяп келгенде
Айырылды қария көзінен.
Отырды үйден шыға алмай,
Қалыңдап кәрі бұлт-қабақ,
Жартаста тұрған қырандай
Жанарсыз көзбен тік қарап.
–Жер басып жүріп,
балам-ай!
Ауасын жұтып, тыныстап,
Тоқсан жыл бойы–
далаға
Қарамаппын ғой дұрыстап.
Шықсам-ау қайта дөңдерге,
Өтсем-ау ағып жанынан...
Будақтап ұшқан–
Кей-кейде
Бұлттардың өзін сағынам.
Көкорай шалғын...
беткейлер
Көрінеді енді түсімде,
Төбем бір көкке жеткендей
Ұшамын сағым ішінде...
Жүреді шулап балалар
Қуантып қылық,
сөзімен.
Қараймын қазір далаға
Немерелерім көзімен.
Бір кезде–
өзім қолынан
Жетелеп жүрген бөбегім,
Бүлкілдеп бүгін соңынан,
Жетегіне еріп келемін.
Сол менің сүйеу-тірегім,
Маңдайға біткен шырақтай.
Білемін оның
жүрерін
Атасын енді құлатпай.
Жүрсе де ол сүйеп,
елпеңдеп,
Жүрсем де өзім аяқпен,
Сүрініп кетпес пе екем, – деп
Түртемін жерді таяқпен...
Жеңістің тұңғыш таңы бұл,
Жауынгерлердің жоқ есі.
Жойды ғой көзін жауының,
Жетті ғой көкке төбесі.
Жарылып жүрек,
Жыр самғап,
Жатыр-ау құшып-өбісіп...
Құлады кенет бір солдат
Құшақтап,
Жермен көрісіп.
Денесі түгел селкілдеп,
Еңіреді –
мұңын шаққандай,
Солдатпен бірге
еңкілдеп
Қара жер жылап жатқандай.
Тоқтады жұрттың жыр-әні,
Күлкі де көзден жоғалған.
Командир жайлап сұрады:
–Қартым-ау,
Саған не болған ?!
Анадан бөлек туғанмен,
Бұлардан
бөлек жоқ сыры.
Көз жасын әрең тыйғанмен,
Басылар емес өксігі.
Тістеніп,
Шыдап күйікке.
Достарын көріп жиылған,
Күрсінді байғұс:
– Жігіттер,
Айырылып қалдым...
ұлымнан!..
Қалшиып қалды солдаттар,
Хабарды естіп қайғылы...
Күбірлеп жатыр жан-жақтан :
– Қай жерде?
– Қашан?
– Қай күні?!
Сөз бар ма басқа шығатын
Мынадай қаза тұсында.
– Мерт болды сонау...
Сұрапыл
Қырық екінің қысында.
Сездірмей,
Қанша жол жүріп,
Қанша жыл жаншып жүрген мұң,
Бүгін ғой...
енді сорлының
Жылауға қолы тиген күн.