22.06.2022
  140


Автор: Сағи Жиенбаев

Баяғыдай жатыр үнсіз Жем ағып...

Баяғыдай жатыр үнсіз Жем ағып,
Жас толқынды жүгіртеді жел алып.
Ашылғандай көкірегім сарайы,
Туған жерім ауасымен демалып.
Барлық үйі сол күйінде тұр аман,
Бәріне де кіріп-шығып жүр адам.
Жалғыз ғана жарқабақта тұратын,
Қараңғы үйдің қабырғасы құлаған.
Күндер қайда, дәурен қайда кешегі,
(Зымырап ағып жылдар қалай көшеді.)
Бір кездерде тәңіріндей бұл жердің
Ең айбынды, ең биік үй осы еді.
Осы еді тек бәрінен де сұсты ерек,
(Ол үшін де құдіретті күш керек!)
Жарқамыстың маңдайына бітпеген –
Сол маңайда тұратын бір үш терек.
Соған қарап жалынатын кең дала,
Соған қарай соғатын жел долдана.
Қақ айрылып жатсын бүкіл қара жер,
Құламастай көрінетін сол ғана.
Қара нөсер қаһарланып құятын,
Саз балшығын сайға қарай қуатын.
Кемерінен асып түсіп әдейі,
Жем толқыны қайырылып кеп ұратын.
Бәрі соның оқ боп оны атқандай,
Қаһарлы кек қабырғаға батқандай.
Бірте-бірте ел көзінен жылыстап,
Жер астына кіріп бара жатқандай.
Көңіліме келеді ғой небір ой,
Ата-бабам қасиет тұтқан жері ғой...
Әуел баста-ақ менің Жарқамысыма,
Түкке мұның керегі жоқ еді ғой...





Пікір жазу