22.06.2022
  154


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚАЛЖАНҒА ЕСКЕРТКІШ

Жас кетсе бір... қайғы басып еңсені,
Жылдар бойы айықпайтын ел шері.
Жасы үлкендер жиі-жиі күрсініп,
«Жақсыларды ерте алады»... деуші еді.
Ол кетсе де жастайынан көз жұмып,
Болмаса да жан жұбанар өзге үміт,
Сол жігіттің атын айтып барлығы,
Жүруші еді жақсылығын сөз қылып.
Жаңа көрген сәуле менен шуақты,
Сөндірді ажал талай асыл шырақты,
Жасы болсын, қарты болсын – өмірден,
Жақсы адамдар көп кететін сияқты.
Ажал, шіркін, залымдарға жолар ма,
(Кетіп жатқан болар, бірақ олар да!..)
Жақсылардың көп кеткендей болуы –
Жоқтаушының көптігінен болар ма?!





Пікір жазу