22.06.2022
  207


Автор: Сағи Жиенбаев

КИІК

Аңшылар шықты сайланып,
Айнала жүйткіп көздері.
Мұрттары сүрге майланып,
Миықтан күліп өздері.
Керемет деген сақ құстар,
Басынан тірі ұшпаған,
Қашаннан әккі атқыштар,
Қосарлап мылтық ұстаған.
Біреу жоқ озар бұлардан,
Бұлардан жалғыз шың биік!
Көрінді сонау мұнардан,
Жайылып жүрген бір киік.
Адасып қалды-ау, үйірден,
Аңдамай қалды-ау, аңшыны...
Ағызып тура бүйірден,
Аңшылар басты қамшыны.
Бұлдырап, доға тәрізді,
Дөңгелеп жатты көк пен жер.
Сорасын көздің ағызды,
Суылдап соққан өкпек жел.
Жапанда жүрген жас киік –
Жарысып өскен желменен,
Тұрды да бір сәт қасқиып,
Жөнелді белес-дөңменен.
Алдынан кесе өткізбей,
Аңшылар ұшты қарысып.
Оқ жетер жерге жеткізбей,
Отырды киік жарысып.
Дауылды күндей бұл алап,
Даланы бозғыл шаң жапқан,
Аңшының бәрі қуалап,
Атқылап жатыр жан-жақтан.
Бу шығып оның бауырынан,
Барады зулап алдырмай.
Жарқылдап оқтар алдынан
Жауды да кетті жаңбырдай.
Жасқанар емес оқтан да,
Жалтылдап жоны құндыздай,
Қақ жарып бір кез өтті алдан,
Құлдырап аққан жұлдыздай.
Жалғасып жатқан бел-белес
Жазылып бұл сәт кеткендей.
Аспанда да емес, жерде емес,
Ауада қалқып өткендей.
Көрсетті солай күшін де,
Аттады бір-ақ жондарды.
Көгілдір сағым ішінде
Көлденең тартқан жол қалды.
Дуылдап қалды дүрмек те,
Дәрмені болмай ұстауға.
Табиғат берген құдіретке
Тосқауыл болар күш қайда!
Бұлардан енді күй бітті,
Басқадай шара бар ма оған!..
Өрен боп туған жүйрікті
Оғың да тоқтата алмаған!





Пікір жазу