22.06.2022
  142


Автор: Сағи Жиенбаев

Тереземді ашып қоям әманда...

Тереземді ашып қоям әманда,
Кірсін үйге жұлдыздар да, дала да.
Келсін үйге піскен нанның иісі,
Бүкіл әлем жүрегінің тынысы.
Көрсін бәрі, көрсін мені бар әлем,
Мен біргемін кең жазира даламен.
Оларсыз мен отырмаймын столға,
Оларсыз мен алмаймын бір іс қолға.
Шақырамын оларды мен үйіме,
Көшіп келсін түгіл мейлі дүние.
Құшағымды бәріне бірге ашам,
Бәрін көріп бәрімен сырласам.
Сол кезде жауып өткен селдеймін,
Жалғыз өзім жалпақ елдеймін!





Пікір жазу