22.06.2022
  127


Автор: Сағи Жиенбаев

Жасыл өлкем – жанарымда үйіріліп

Жасыл өлкем –
жанарымда үйіріліп,
Тұрдым соның құшағына тығылып...
Көк шалғынның үстіменен бір кезде,
Көктем ұшып келе жатты жүгіріп.
Сол бетімен құлады кеп кеудеме,
Содан кейін қалмады ерік менде де,
Мен де бір сәт жасыл көктемге айналып,
Көктем болып қол ұсындым өңгеге.
Жас гүлдердің үлбіреген лебіндей,
Бірте-бірте қанға сіңіп көрінбей,
Аппақ сәуле тұрды мені көтеріп
Әнші құстың деміндей.
Көкте қалқып,
кетті балқып тау құзы,
Ақ таңменен аймаласып ақ жүзі.
Қасымдағы қарияның да
мөлдіреп,
Жанарында жас көктемнің қалды ізі.
Тұрды қария –
Көк мұнарды жамылып,
Көңілі кенет күңгірт ойдан арылып.
Қайта оралған бір көктемге қызығып,
Қайта оралмас бір көктемін сағынып.





Пікір жазу