ЖЫЛ КЕЛГЕНДЕ
І
Алысып ойнап бір-бірін
Аспанда жүріп құшақтап,
Сездірмей жанға сыбдырын
Қонақтап жатыр құс аппақ.
Ақ құстар мойнын асылып,
Балбырап тұрған тал құсап,
Ауыздан күлкі шашылып,
Айқасты жерде сан құшақ.
Қашанғы тарлан таулардай,
Кеудесін көктем жылытқан,
Сүйісіп жатты шалдар да
Сүюді көптен ұмытқан.
Сүйісті-ау –
Тағы бір жылдың
Аман-сау келгені үшін деп.
Қымбатын жарық дүниенің,
Қара да маған, түсін деп.
Денесі қызған жүйріктей
Ойнады сәуле көзге бір, –
Осынау қайран тірлікті
Қимаймын деген сөз бе бұл.
Көрді ме, қимас шапағат,
Кетердей мәңгі көңілде,
Өмірге деген махаббат,
Уылжып тұрды-ау ернінде...
ІІ
Қызықтап белден бір белді,
Келемін қарттың ізімен...
Қадірін өткен күндердің
Көрдім-ау, жаңа жүзінен.
Білмеймін, қанша жалменен,
Шарладым таудың бөктерін.
Есептеп көрген жан да емен,
Қанша күн босқа кеткенін.
Қайырылып артқа тоқтамай,
Көктемгі судай көп ақтым,
Көгілдір сағым,
Көк тоғай
Күнімді қанша жоғалтты...
Қайтпасын мейлі есем де,
Өкініш көрмен онымды.
Келер күн қалай десем де,
Қайтарып бермес жоғымды.
Өкінбен оған мүлде мен –
Қаумалап келіп сан құшақ,
Тұрсам бір сонау күнде де
Жаутаңдап әлгі шал құсап.
ІІІ
Шалғынға қонған шықтардай
Тұрмайды баста от күнің.
Теңізден ұшқан бұлттардай,
Кешегің кейде жоқ бүгін...
Шығарды жарып тасты гүл,
О гүлді енді ала алмас.
Мәңгілік сондай жас ғұмыр,
Тілеймін сондай замандас.
Тілеймін деннің саулығын,
Ананың балғын бұлбұлы.
Дүниеге келген дәл бүгін,
Жерімнің құйттай тұрғыны.
Қайрауы жеткен қылыштай,
Жүзіңе тозаң шалдырма.
Кеудеңді қартым, тік ұстап,
Еңкейме жылдар алдында.
Күзетіп мұнар жамылған,
Жерімнің жасыл бауларын,
Жылдардың көшін қабылдап,
Тұра бер, ақ бас тауларым.
Тізіліп ұшсын,
ғаламның
Тыныштық жырын қаз айтып,
Ақ бұлттар, сен де аман жүр
Аспанның бетін тазартып.