22.06.2022
161
ЖАЙЫҚ
Көрдім де дидарыңды жалт қарадым,
Сен бе едің сан іздеген аппақ әнім...
Лезде ағыныңмен кетті ілесіп,
Кеудемде бір жел тілеп жатқан ағын.
Мен соның екпінімен кеттім еріп,
Үйірілген көбелектей отты көріп.
Әкеттің орап алып толқыныңмен
Жайылып жалқынданып көкті керіп.
Әкеттің теңіз жаққа ағысыңмен,
Ақ жалын Атыраудың таңы сүйген.
Қоздырып жұдырықтай бал денемді,
Қашаннан ата-баба қаны сіңген...
Бергендей осы кезде желіне ерік,
Құшардай аспан астын тебіреніп.
Көк теңіз ақ маржанын атты аспанға,
Жарқырап келе жатқан сені көріп.
...Бір кезде бір-бірінен алшақ тұрып,
Жүрсе де қайран басын сан-саққа ұрып,
Кім білген –
Дәл осындай құдіреттердің,
Жатарын бір-біріне аңсап құйып!