22.06.2022
  114


Автор: Сағи Жиенбаев

Қаумалаған қалың күлкі жан-жағым...

Қаумалаған қалың күлкі жан-жағым,
Жүрміз кезіп ақша бұлттың ар жағын.
Осы кезде елтіп тұрған ауаға
От тигізсең,
атылардай ақ жалын.
Өрт жігіттер оғындай кіл садақтың
Дертіп алған жалынымен шараптың...
Мен біреудің тамағынан иіскеп,
Мен біреуге маңдайымды жалаттым.
Дуылдаған досым қандай көп менің,
Олай болса,
тартынғаным–не еткенім?!
Жалғыз ғана солар еді жоғым да,
Енді менің дүниеде жоқ кемім...
Бір-ақ жұмып,
аштым қайта көзімді,
Жоғалтардай жаңағы бір кезімді,
Қас қаққанша не боп кетті, жаным-ау,
Жан-жағымнан көрем жалғыз өзімді.
Тауып алған тобым қайда жаңағы,
Жүрегімді елжіреткен жанары...
Көз алдымнан іздерін де жасырып,
Бозғыл тұман басып алған даланы.
Өтті күнім,
кетті жылым қаншалық,
Көрінгенмен құшақтасып,
ән салып.
Келем төзіп не көрсем де, бәріне,
Шын досымды табам ба деп жан салып.





Пікір жазу