Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен...
Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен,
Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен...
Белді буып,
бір жұлдызды бетке алып,
Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен.
Осы жолда өтеді енді өмірім,
Осы жолда қартаяды серігім.
Менен бұрын кеткендер көп бұ жолмен,
Мен бұ жолға түскендердің соңымын.
Осы жолда менің барлық асуым,
Сан асуға шыдармысың, асылым?
Менен бұрын бұ сапарға шыққан көп,
Бұ сапардың мен әзірге жасымын.
Кеткендердің көбі алдымда тұр жанып,
Жарығымен жалпақ елін ырза ғып.
Көрінеді аппақ-аппақ жұлдыз боп,
Көкжиектен көтерілер түн жарып.
Көбісі оның өз қызығын ұмытқан,
Өмір-теңіз келмейді оған жұлықтан.
Өзгелерді жалынымен жылытып,
Өз денесін жанып-жанып суытқан.
Оған бүгін өңің де бір, түс те бір,
Еркін самғап ұшса болды, құс-көңіл.
Өзгелердің өмірін жырмен ұзартып,
Ол өзіне тілеп алған қысқа өмір.
Мен солардың ұзартам ба ғұмырын,
Әлде шайқап аламын ба тұнығын.
Ақ сәулені әкетем бе әрірек,
Қазір менің жетер ме оған жылуым?
Қиядағы жетер ме оған ыстығым,
Оятар ма көлеңкелі түстігін...
Кетер еді-ау әрі қарай жалғасып,
Жалынына жалғасса бір ұшқыным.
Соңына еріп,
бір шырағы жеткенде,
Өкінбес-ау, тым ертерек кеткенге,
Бар қызуын төге алмайтын таңғы арай,
Бар қызығын көре алмайтын көктем де.
...Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен,
Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен.
Жанды ұмытып, таңды күтіп, бел буып,
Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен.