Дүние қалдырмады көштен мені...
Дүние қалдырмады көштен мені,
Талпынып бала қиял төске өрледі.
Өмірге келгенім жоқ күйеу болып,
Ол маған тегешке сап төс бермеді.
О кезде мен өмірден сыр ұқпадым,
Қарсы алдым жүрегіммен күліп бәрін.
О кезде ойламадым кейбір шақта,
Тұрарын тағдырыңның тігіп кәрін.
Өстім мен Байсарының алабында
Күйдіріп башпайымды қара құмға.
Тотыққан маңдайымнан сипады күн,
Қалдырып ыстық табын жанарымда.
Кеудеме күй нөсерін төкпейді әлі,
Кетуші ем көл жағалап беткейге әрі.
Қызғанып жұмыртқасын айнала ұшқан
Қызғыштың құлағымнан кетпейді «әні».
Құстар да жаратпады селтеңімді,
Қырат та аяйтындай ерке гүлді.
Есер жел жұлқылады етегімнен,
Ақ дауыл ала қашты телпегімді.
Қарамай тал бойыма тауды кездім,
Көп жүрдім көл бойында жалғыз өзім.
Табиғат сырларымен, жырларымен,
Кеудеме құйса дедім бар мінезін.
Құшағын кең дүнием ашып тұрып,
Көлшігін көңілімнің тасыттырып,
«Жүрші» деп жетелепті, ой-қырына
Кішкентай жүрегімді ғашық қылып!..