22.06.2022
  172


Автор: Сағи Жиенбаев

Құрбыға назын айтып қырда жігіт...

Құрбыға назын айтып қырда жігіт,
Қыздары билейді екен суда жүріп.
Балбырап бар денесі күндіз-түні,
Бұл өлке тұрады екен жыр жамылып.
Баласы домбыраны бұрап алып,
Бұлағы шың басынан құлап ағып,
Балқытып тал бойыңды, тамсандырып,
Бар дала жырлайды екен тұра қалып.
Күй тартып құйқылжыта бар өлкесі,
Құмарта тыңдайды екен тау өркеші.
Қайталап құрағы да, қияғы да,
Қалықтап жүреді екен ән еркесі.
Өзендер өршелене жатқан ағып,
Өлеңмен кіреді екен баққа барып.
Күңірентіп кетеді екен осы кезде,
Әмудің толқындары жаттап алып...





Пікір жазу