22.06.2022
182
Сен үшін, балам
Сен үшін, балам,
Дүние-жиһаз жинаман,
Жинарсың өзің,
Несіне қазір қиналам.
Жараспас саған
Бәрібір менің дүнием,
Ұнамас саған
Әшекей бұйым сырлаған.
Сен үшін, жаным,
Дос-жаранды да жинаман,
Жинарсың өзің,
Оған да несін қиналам.
Сенің достарың
Адалдау болар өзіңе,
Ұнамас саған
Менің достарым шулаған.
Сен үшін, жаным,
Жинаман небір асыл да,
Қолға түспейтін
Теңіздің лағыл тасын да.
Жетеді маған –
Өзіңді ғана күзетіп,
Өзіңнің ғана,
Қарайып жүрсем қасыңда...