22.06.2022
  130


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚОС КӨЛ

Жатпаса егер жалтырап бұл арада,
Жолаушылар жонға көзін сала ма?!
Бір кездері көк аспаннан үзіліп,
Екі моншақ түсіп қапты далама.
Қызықты ма қызыл қайраң құмына,
Қызулы ма құмда күннің нұры да?
Бір кездері көк аспаннан бөлініп,
Екі жұлдыз конып қапты қырыма.
Күндіз-түні сонау биік қабақтан
Көз айырмай жатсын деп бар алаптан.
Бір құдірет мөлдіретіп екеуін
Бұл даланың жанары ғып жаратқан.
Бай табиғат басқаларын қимаған,
Бұл өңірге екі көзді сыйлаған.
Содан ба әлде сұлулығын өзінің
Менің далам жанарына жинаған...
Құрдас болып бабаммен де баламмен,
Бірге жасап ұлан-ғайыр даламмен,
Мәңгі бақи жұмылмайтын жерімнің
Мен де сондай көзі болып қалар ма ем?!





Пікір жазу