22.06.2022
  185


Автор: Сағи Жиенбаев

ГҮЛ

Қытымыр қыстың айы өткен,
Қызғалдақ жапқан бар қырды.
...Баламыз –жалаңаяқпен
Жапырып жүрген шалғынды.
Мектепке қарай зымырап,
Ағамыз келіп құйындай.
Желіден жаңа шығып ап,
Желпіне шапқан құлындай.
Бал тамып тұрған өңінен,
Отырған бір қыз қасыма.
Бойы да қатар менімен,
Шамалас, бәлкім, жасы да.
Жоламай еркек балаға,
Жүреді басқа қыз деген;
Ал мынау шықса далаға,
Алысады ылғи бізбенен!
Көтеріп шаңын даланың
Бұрымын желге таратып,
Кей кезде ожар баланың
Келеді мұрын қанатып.
Жүрсе де сөйтіп желігіп,
Ойымды сол қыз бөледі.
Көбірек жақсы көрініп,
Көзіне түскім келеді.
Бетімді жудым шаң басса,
Қалпына түсті шаштағы.
Біреулер оған жармасса,
Болысқым келе бастады.
Ұйықтаймын кезіп алапты...
Түсім де оған кезігем,–
Жарылған жалаңаяқты
Жасыра қоям көзінен.
Кеудемде соның тұрды үні,
Гүл көрдім, содан нұр көрдім.
Отыра қалып бір күні,
Суретін салдым гүлдердің.
Сәл ғана күлімдеді де,
Қасымда үнсіз бөгелді.
«Жақсы екен гүлің» деді де,
Жүгіріп ала жөнелді.
Білдірмей ешбір кісіге,
Бір қызыл гүлді ап келдім.
Сөмкесін алып,
ішіне
Сүңгіте салдым дәптердің...
Ұйқым да қашқан секілді,
Көз ілмей шықтым дөңбекшіп...
Ойларға кетіп не түрлі,
Толғанды ма екен ол да өстіп?
Көңілге неше ой алып,
Жасырын бір сыр ұққандай.
Кешегі гүлдің бояуы
Бетіне қалқып шыққандай.
Діріл де бар ма сәл ғана,
Жүзіне балғын нұр қонып.
Бүршігін ашқан жап-жаңа,
Қалыпты бір шоқ гүл болып.
Жалын боп жүрген бүлдіршін,
Жарысып дала желімен,
Ойында не бар, кім білсін,
Ойнамай кетті менімен.
Талай жыл өтті арада,
Табысқан жоқпыз қайтадан.
Сонау бір алыс далада
Сол болып біреу айтады ән.
Сонау бір жазық өңірде
Сол болып алдан шығады–
Еркелеп өскен өмірге
Еліктің құйттай лағы...
Шықтым мен талай құздарға,
Өткіздім талай күндерді.
Сызылып тұрып қыздарға
Сыйладым қанша гүлдерді.
Жігіт боп өзім өстім де,
Жер беті талай көктеді-ау,
Сыйлаған гүлім ешкімге
Сол гүлдей әсер етпеді-ау!





Пікір жазу