22.06.2022
  127


Автор: Сағи Жиенбаев

ТАУ

Тау еді –
тастан қашалған
Құлама жартас,
қия шың.
Қияға құмар қашаннан
Қырандар салған ұясын.
Жақпардың бетін жуатын,
Жел менен жаңбыр ауысып.
Өрмелеп бұлттар шығатын,
Көгілдір тасқа жабысып.
Келмейтін жүргің жерде өзің,
Жеткенше соған құмартып.
Көрінер еді –
кербезің
Күншілік жерден мұнартып.
Осынау сымбат мүсінмен
Қанша жыл тұрды –
кім білсін...
Не керек,
таудың ішінде
Басталды кенет бір дүрсіл.
Қия алмай құзар қияны,
Айналып жүрді қырандар, –
Қырандар жатқан ұяның
Үстінен қарап крандар.
Белгілі мынау аймаққа
Тау емес,
енді басқа атпен,
Көгілдір шыңдар
жан-жаққа
Жөңкіліп жатты составпен.
Қайтеді барын жасырып,
Мейлі оны жазғыр,
Жазғырма,
Қимасын беріп,
асылым,
Қартайып кетті аз жылда.
Қартайсын,
от боп балқысын,
Құдірет сынды ол маған.
Тау екеш,
Таудың халқы үшін
Тозғанын көріп...
Толғанам.





Пікір жазу