22.06.2022
128
Көктемнің балғын кезі еді...
Көктемнің балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған,
Жемнің де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған.
Сондай бір күннің бірінде,
Жағаға келіп жаттым да,
Саусағым басы дірілдеп,
Атыңды жаздым ақ құмға.
Білмедің, бірақ, сен де оны,
Ол жайды ешкім білмеген,
Со бойда тентек жел қолы,
Жасыра салған құмменен...
Қоштасып қырлар көп гүлмен,
Жер бетін қырау жапқанда,
Атыңды жазып кеттім мен,
Алғашқы жауған ақ қарға.
Түспеді көзің оған да,
Саған да бірақ жоқ өкпем,
Сол күні соққан боранда,
Қар басып қалған кенеттен.
Гүл жапты талай белеңді,
Бұрқады талай ақ боран...
Атыңды сенің мен енді
Кеудеме жазып сақтағам.
Сақтаулы сонда бейнең мен,
Сонау бір балғын күлкің де.
Енді оны менің кеудемнен,
Өшіру, сірә, мүмкін бе!..