22.06.2022
  140


Автор: Сағи Жиенбаев

БАҚЫТ

Ақ ұлпа қарға оранды
Алматым,
аспан-тауларым...
Молшылық басы болар бұл,
Түсті ғой бірден қар қалың.
Ормандар басы үлпілдеп,
Ойың мен қырың теңеліп,
Көрдің бе, далам, бір түнде
Қалғанын бәрі кенеліп.
Майысып белі талдардың,
Ақ қардың өзін ауырлап,
Қанаты тисе торғайдың,
Төгіліп жатыр сауылдап.
Елдің де,
мынау жердің де
Осы ғой мәңгі дауасы,
Өзінің аппақ көңіліңдей
Тазарды қырдың ауасы.
Мөлдіреп аспан алабы,
Боз мұнар, бұлтты жамылмай,
Ашылды күннің қабағы
Ақпейіл сенің жаныңдай.
Тастады нұрды үйіп кеп,
Тау болып жатыр әр төбең.
Барасың сен де биіктеп,
Биіктей берсін мәртебең!
Бақытым сенсің,
сүйіктім,
Аспанды шарлап самғасам.
Жазирам, мен де биікпін,
Сен биік болсаң әрқашан!





Пікір жазу