АҚЫН ЕСКЕРТКІШІ
Асеке,
Жалпақ жұртың тұр қасыңда,
Келіп тұр қимасың да,
Мұңдасың да.
Өзіңмен
Жарқылдасып тағы да бір,
Өзіңмен
Мауқын басып, сырласуға.
Сен бүгін –
Елдің жыры, елдің әні.
Өзіңмен жүздесуге келді бәрі.
Дүрілдеп жатыр, әне, таң сәріден
Дарияның арғы жағы,
Бергі жағы.
Күтіп тұр байтақ дала –
Байтақ ордаң.
Күтіп тұр жапырағын шайқап орман.
Күнің бұл –
Ортамызға қайта келіп,
Жап-жарық дүниеге қайта оралған.
Жерде де ән бола ма аспаны жоқ,
Елде де сән бола ма асқары жоқ?! –
Дедік те, ортамызға алып келдік,
Қумалап қалың ел боп, жас-кәрі боп.
Жырыңмен тағы да бір жан жылынсын,
Сорғалап аспаныңнан ән құйылсын,
Халқыңның елжіресін ет жүрегі,
Жүзіңе қуаныштан қан жүгірсін.
Өзің де ғашық ең ғой жарық күнге,
Жұлдыздай тұрушы ең ғой жанып түнде.
Сен жүрсең –
Бүкіл дала бірге жүріп,
Сен күлсең –
Күлуші еді халық бірге.
Туыс ең жасымен де,
Кәрімен де,
Бұл жердің тасымен де,
Тауымен де...
Өзіңнен айнымайды
Анау жатқан
Қойны құт, қызыл шырай сары бел де.
Жан-жағың гүлге айналып,
Жырға айналып,
Ағылып келіп жатсын тынбай халық.
Осынау қалың елмен
Шыққан күйден
Жүрсін деп туған жерді бірге айналып.
Мәңгілік мәрмәр ғана лайық деп,
Бір жырлап,
Бірге дәурен құрайық деп,
Бейнеңді жасап қойдық, асыл аға,
Өзіңді күнде көріп тұрайық деп!..