22.06.2022
156
ЕЛІКТІҢ ЛАҒЫ
Өзім де ерте оянғам,
Торғайлар таңнан шырқырап.
Маужырап тұрған көк орман,
Көктемнің иісі бұрқырап.
Аралап келем ну ішін
Қаулаған жасыл құрағы...
Алдымда жатыр бүрісіп,
Еліктің құйттай лағы.
Қаншалық оның әлі бар,
Жалт беріп,
тұра қашардай,
Қалтырап тұрды жануар
Аяғын тіктеп баса алмай.
Жасаурап кетті көзі де,
Жайы ғой оның күтпеген.
...Бөлек «үй» жасап өзіне,
Асырап жүрдім сүтпенен.
Буыны бекіп,
Жер тіреп,
Өзіне-өзі келгенде,
Жүрсін деп енді еркімен,
Жібердім әкеп сол жерге.
Тау жақтан самал еседі,
Сәулесін көктем сеуіп тұр...
Елігім менің кешегі
Енесін ертіп келіп тұр.
Үнінен шошып өзгенің,
Жүрмейтін қауіп-қатерсіз –
Бейкүнә жәудір көздерім
Келіп тұр қаннен-қаперсіз.
Қауіпке байлап өмірін,
Тұр екен қалай үйге кеп,
Адамнан көрген мейірім
Әкелді ме әлде сүйрелеп?!