22.06.2022
  184


Автор: Сағи Жиенбаев

ӘЙЕЛДЕР

Ырзамыз барлық ісіңе
Қазақтың қара көздері.
От пенен судың ішінен
Бізді алып шыққан өздерің.
Қызықтың бәрін құрбан қып,
Біз үшін күйіп-жандыңдар.
Бізді ойлап жүріп,
Жылдардың
Өткенін білмей қалдыңдар.
Тұншығып іште жалыны,
Жана алмай қалған отсыңдар...
Таранып,
Моншақ тағынып,
Бойды да күткен жоқсыңдар.
Қырманда жүріп бойжеттің,
Қырларда кетті көп күндер...
Түрлерін іздеп көйлектің,
Таңдап та кимей кеттіңдер.
Аралап дала өңірін,
Термедің гүлді сызылып.
Өзге әйелдердің өмірін
Кинодан көріп...
Қызығып.
Сонда да бір дақ шалдырмай,
Бейкүнә күйде келдіңдер.
Ашылған гүлдей жаңбырдан
Аспанды жаңа көрдіңдер...
Жайнайтын кезің келді енді,
Жетеді маржан, лағылдар,
Жазғырмайды ешкім сендерді,
Асылдың бәрін тағыңдар.
Оралсын балғын кездерің,
Қалмасын кірбің кеудеңде.
Періште... қара көздерім,
Жасаймыз жұмақ сендерге!





Пікір жазу