22.06.2022
297
Әженің жайлы арқасы
Әженің жайлы арқасы
Секілді мамық құстөсек,
Жабысып,
Қолдар айқасып,
Ертеден кешке түспес ек.
Шешеге бір сәт ұнамай,
Түнере қалса бұлт келіп,
Әженің бауыры –
ұядай,
Кетуші ек соған зып беріп.
Сәні еді
Ауыл-үйдің де.
Жүруші ек оны пір тұтып,
Жеткізген бізді бұл күнге
Жабағы жұлып,
Жүн түтіп.
Текемет басып,
Тері илеп,
Көрпеше құрап қиықтан,
Әжелер –
бізді жер үйде
Саусағымен-ақ жылытқан.
Тағдыр да
Берген пейілді,
Қолына қонған береке.
Ол жүрген жерде –
Көңілді,
Ол жүрген жерде –
мереке.
Әжесіз күй жоқ, асылы,
Әжесіз үйдің – аз әні.
Аруана тектес асылым,
Ақ әжем –
Елдің ажары.
Ақ әжем –
Асқар тауымдай.
Шуданы тастап шумақтап,
Жататын оның жанында
Бозала бұлттар будақтап.
Болмайтын қаяу,
Кіршік те,
Жатушы ем мен де жайланып,
Үйірген әжем ұршықпен
Дүние қоса айналып...