22.06.2022
  290


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚЫРАН МЕН ЖЫЛАН

Қадалып көзі тасқынға,
Қанатын жайып тұр қыран.
Қарулы тырнақ астында
Қансырап жатыр сұр жылан.
Жап-жаңа ғана шүйіліп,
Жауының бірін жаныштап,
Көкала бұлтты үйіріп,
Көрінсе қазір тағы ұшпақ.
Қарайды кірпік қақпастан
Мұнартып жатқан төменге.
Секіріп ойнап ақ тастан
Салады бұлақ өлеңге.
Желпиді сонау адырдан
Жеңіл бір самал бойды үрлеп,
Қыран тұр: «Туған тауымнан
Бір сұмның көзін жойдым!...» – деп





Пікір жазу