22.06.2022
  193


Автор: Сағи Жиенбаев

ТЕҢІЗ ЖЫРЛАЙДЫ

Құмартып келген ұлына
Құшағын жайды сырлы айдын.
Толықсып жатқан теңізде
Толқынмен бірге тулаймын.
Толқынмен бірге денемді
Сәулесі жуды нұрлы айдың.
Қалқып бір жүрген теңізде
Қосылып бұлтқа зырлаймын.
Шаңқылдап ұшты шағала,
Шарқ ұрып құсша зулаймын.
Ау салып жүрген құрбыға
Алыстан қолды бұлғаймын.
Толқынды толқын ұрғылап:
Теңізде бір сәт тынбайды үн.
Самалға толы кеудемде
Сазы бар нәзік сырнайдың.
Күркіреп жатқан алдымда
Теңіздің күйін тыңдаймын.
Теңізге қарап тулаған
Тебіреніп мен де жырлаймын.





Пікір жазу