22.06.2022
  144


Автор: Сағи Жиенбаев

АҚЕДІЛ

Ақеділім,
жан Еділім,
армысың,
Аруымсың ақ періште,
әнбісің?!
Сар даланы сазды әуенге бөлеген
Салауаттың сандуғашы,
бармысың?!
Қосылшы онда,
Қосылшы онда,
Қимасым,
Бізбен бірге байтақ дала жырласын.
Ән аңсаған,
жыр аңсаған аяулым –
Ақеділдің толқындары туласын...
Қартаймашы,
ортаймашы, Еділім,
Еділіммен
ұзарады өмірім,
Еділіммен
биіктейді көңілім,
Қартаймашы,
Ортаймашы, Еділім.
Аспаныңның
саңқылдаған қыраны,
Жанарыңның
жарқылдаған шырағы,
Аттан түспей,
сені мәңгі күзетіп,
Салауатың тауға шығып тұр әні...
Ақеділім,
құшағыңды аш кәні,
Келдім саған –
бірге толқып тасқалы.
Келдім саған –
ақ төсіңді иіскеп,
Көкірегіңе көкірегімді басқалы.
Ақеділім,
құшағыңды аш, кәне!





Пікір жазу