ДОСТАРЫМ
Мен қашанда жалғыз өзім жүрмеймін,
Жалғыз жүріп, жалғыз өмір сүрмеймін.
Жер-жердегі достарымды санасам,
Аспандағы жұлдызыңмен бірдеймін.
Достарымның бәрі момын өзімдей,
Кейбіреулер өте шығар көз ілмей.
Ал олардың көңілдері
Ақ қардың
Тау басына жаңа түскен кезіңдей.
Біреуінің жүрген жері ән-өлең,
Енді бірі қайыспайтын қара емен...
Біреуінен зәбір көріп қалсам да,
Мен біреуін зәбірлеген жан емен.
Жатыр бәрі көкірегімде ұялап,
Шыңға бірге шығып келем қиялап.
Қыз-қырқынға жасағаным болмаса,
Мен оларға жасағам жоқ қиянат.
Көңіл елтіп бір аққудың әніне,
Кетем кейде Алатаудан әрі де...
Көз алдымда дүние балқып жатқанмен,
Достарымсыз қызық емес бәрі де.
Бірде төбе,
бірде төмен ылдимен,
Жүріп келем өлеңдетіп бір күймен.
Сәл бөлінсем,
жолыға алмай қалардай,
Достарымды іздеп жүрем ылғи мен.
Бүгінгі емес, ертең келер күн де өзге,
Тұра бермес жалын атып нұр көзде.
Жұбымызды жазбайықшы, достарым,
Жалғыз-жалғыз жатамыз ғой бір кезде.